×

Рыбакина WTA 1000 турниріне қатысады

Ол испан Паула Бадосамен немесе америкалық Эшлин Крюгермен кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 06.03.2024 | 14:17
Фото: https://t.me/RRaketkasi

6-17 наурызда АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін турнирдің жеребесі тартылды.

Индиан-Уэллс WTA 1000 жарысын Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымнан бастап, рейтингіте 73-орындағы испаниялық Паула Бадосамен немесе америкалық Эшлин Крюгермен (№71) кездеседі. Бұл екі теннисші де турнирге арнайы шақырту алған.

Тағы бір теннисшіміз Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 76-ракеткасы, германиялық Тамара Корпачпен ойнайды. Қазір Путинцева ГФР спортшысынан үш саты төмен, яғни 79-орында тұр.

Былтыр Индиан-Уэллсте Рыбакина үздік шықса, Путинцева бірінші ойынында сүрінген еді.

Ерлер арасында Индиан-Уэллс мастерс турнирінде 20-ракетка болып тіркелген Александр Бублик те ойынын екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы әлемнің 33-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсон немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының біреуі болады.

Әлемнің 51-ракеткасы Александр Шевченко алғашқы матчында рейтингте өзінен екі саты жоғары тұрған германиялық Доминик Кёпфермен ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама