×

Павлодарда мектеп директоры ақша жымқырған

Бірқатар мектептерде өрескел заң бұзушылықтар анықталды

 Динара Амантай 06.03.2024 | 13:32
Фото: Halyq Uni

Павлодар прокуратурасы мектептерді тексеру барысында өрескел заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Прокурорлық тексеріс кезінде Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде директордың қызметкерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы 2,5 млн теңге иемдену фактісі анықталды.

Материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар тексеріс көрсеткендей, Павлодар қаласының барлық мектептерінде бейнебақылау камералары жазу функцияларынсыз жұмыс істейді. Олардың бейне мұрағаттарына кіру мүмкіндігі жоқ және полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған. Бұл кемшілік 2023 жылы Smart City Pavodar жобасы аясында түзетілуге тиіс болатын. Алайда жеткізушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты әлі іске асырылмаған.

Жергілікті атқарушы органдар осыған қатысты наразылық-талап қою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Барлық анықталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама