Басшылық құрамды кезектен тыс аттестаттациядан өткізуге дайындық болып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен кездесті.
Кездесуде президентке елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берілді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мемлекет басшысының ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне баса мән беріп отырғанын баяндады. Ол осының нәтижесінде жыл басынан бері қылмыс азайғанын айтты.
Атап айтқанда, ұрлық, тонау, қарақшылық, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық және көшеде жасалған қылмыстар, кәмелетке толмаған және бұрын сотталған азаматтар істеген қылмыстар айтарлықтай азайған, – деді министр.
Мемлекет басшысына құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірыңғай заң әзірлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде арнайы бөлімше құру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, президентке ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмысына, экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстарының нәтижесі таныстырылды. Министр киберқылмысқа қарсы күрес қызметінің құрылатынынан хабардар етті.
Сонымен қатар Ержан Сәденов орта буынға жататын басшылық құрамды кезектен тыс аттестаттациядан өткізуге дайындық туралы айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Жақында мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде киберқылмысқа қарсы күреске баса назар аударған болатын. Ол хакерлерге қарсы арнайы қызметтің ІІМ-нен жеке құрылым бөлініп шығуы тиіс екенін, олар тек киберқылмыспен айналысуы керектігін айтқан еді.
Кеше осы мәселе Парламентте де көтеріліп, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жақын арада елімізде киберқылмыспен күресетін арнайы полиция бөлімі ашылуы мүмкін екенін айтты.