Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғаш рет 63,5 келіде Олимпиадаға іріктеу жарысына қатысты
Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирдің үшінші жарыс күнінде ұлттық құрама сапындағы 3 спортшы шаршы алаңға шығып, бәрі жеңіске жетті.
Алдымен әйелдер арасында 60 келідегі Римма Волосенко екінші жекпе-жегінде мажарстандық 22 жастағы Петра Сзабоны айқын басымдықпен жеңген соң, рингке Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов көтерілді. Ол кешкі сессияда 71 келі салмақта фин Сэм Мороватимен қолғап түйістірді. Айқас соңына дейін болмады. Команда капитаны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Содан кейін шаршы алаңға Олимпиадаға іріктеу турнирінде алғаш рет 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы шықты. Ол 1/32 финалда Тринидад және Тобаго өкілі Доннел Филипптен айласын асырды. Үшінші раундта қарсыласын нокдаунға да түсірді.
Енді бүгін ерлер 51, 92,+92 келі және әйелдер 60, 66, 75 келіде жұдырықтасады.
Бұған дейін қарсыластарын жеңген ұлттық құрама сапында 51 келідегі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, 92 келі салмақтағы Айбек Оралбай мен 60 келідегі Римма Волосенко үшінші жекпе-жегіне шығады.
Римма Волосенко Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де Муино Камила Паола Пинейромен, Сәкен Бибосынов түнгі сағат 00:30-да Каранджа Давид Мачариамен, ал Айбек Оралбай сағат 01:15-де Санжит Санжитпен қолғап түйістіреді.