Қазір Асланбек Шымбергенов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы да жекпе-жекке дайындалып жатыр
Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде Қазақстан құрамасынан 60 келі салмақтағы Римма Волосенко алғаш болып 1/8 финалға шықты. Ол екінші айқасында да жеңіске жетті.
Волосенко Мажарстанның 22 жастағы бокшысы Петра Сзабомен жұдырықтасып, барлық раундта өзінің мықты екенін көрсетті. Ол 1-раундтан бастап тізгінді қолына алып, қарсыласын нокдаунға да жіберді.
Бәрі жақсы. Мақсатқа жету жолында бар күшімді саламын, – деді айқастан кейін Римма Волосенко.
Енді отандасымыз 6 наурызда 1/8 финалдың жекпе-жегіне шығады.
Бүгін тағы бір боксшымыз рингке көтеріледі. 71 келі салмақта команда капитаны Асланбек Шымбергенов фин боксшысы Сэм Мороватимен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек шамамен Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Содан кейін 63,5 келі салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы да турнирдегі тырнақалды жекпе-жегіне шығады. Ол Тринидад және Тобагоның өкілі Доннел Филипппен күш сынасады. Боксшылар рингке шамамен Астана уақытымен сағат 00:30-де көтеріледі.