Жергілікті атқарушы орган бос жердің жоқтығын сылтауратқан
Инвестор 3 жылдан астам уақыт бойы әкімдіктен егіс алқабын ала алмаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында сүт өнімдерін өндіру және өңдеу, сондай-ақ ірі қара малын күтіп-бағу бойынша инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. «Нұрлы-жай» шаруа қожалығы жобаға 400 млн теңгеге жуық инвестиция салған. Кәсіпкер – облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі.
Алайда инвестор 3 жылдан астам уақыт бойы инвестициялық жобаны одан әрі іске асыру үшін әкімдіктен егіс алқабын ала алмаған. Жергілікті атқарушы орган бос жердің жоқтығын сылтауратқан.
Қадағалау жүргізу барысында прокурорлар осы ауданда аумағы 182 гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы учаскесін анықтап, мемлекетке қайтарды.
Прокуратураның көмегімен бұл жер учаскесі инвесторға бір ай ішінде берілді.
Енді осы бөлінген жерлер инвестициялық жобаны дамытуға пайдаланылатын болады.