Оралда студенттерге қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды
Олар бопсалау, тонау және алаяқтықпен айналысқан
Жыл басынан бері ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері 130-дан аса бопсалау фактісін анықтап, жолын кесті. Оның ішінде қылмыстық топтармен жасалған фактілер де бар, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
8 ақпанда ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген Қызылорда облысының 6 тұрғыны Астана-Павлодар автожолында ұсталды. Олар 2 танысын күштеп көлікке отырғызып, пәтерге алып келіп, ұрып-соғып, қару-жарақпен қорқытқан. Екі күн бойы сол жерде ұстап, 300 мың теңге мен ұялы телефондарын тартып алған. Сонымен қатар тағы 1 миллион теңге талап еткен. Жәбірленушілердің бірі қашпақ болып, 5-қабаттан секірген, салдарынан көптеген жарақат алды. Күдіктілер екінші жәбірленушіні көлікке отырғызып алып, ізін суытпақ болған кезде ұсталды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Оралда полиция қызметкерлері колледж студенттерінен құралған қылмыстық топты ұстады. Олар бопсалау, тонау және алаяқтықпен айналысқан. Аталған факті бойынша 8 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғын анықтау бойынша шаралар қабылданады.
Ақмола облысында екі жастар тобы арасындағы қақтығысқа тосқауыл қойылды. Оқиға орнында травматикалық және суық қару, дубинкалар, сондай-ақ соққы жасауға арналған басқа да металл және ағаш заттар табылып, тәркіленді. Қазір адамдар тобымен жасалған бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды.
Барлық факті бойынша күдіктілер ұсталды. Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жарияланбайды. Құрметті азаматтар, егер сіздер қылмыстық топтар тарапынан қол сұғушылыққа тап болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар. Біз сіздің ақпаратыңыздың құпиялылығына кепілдік береміз және сізді қорғап, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді саламыз, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.