×

«Қазақ тарихында мәңгі қалатын азамат»: Сейдахмет Құттықадам туралы замандастары не айтады

Ол ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды

 Ая Өміртай 04.03.2024 | 19:20
Сейдахмет Құттықадам, фото: facebook.com

Белгілі қазақ публицисті, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлады Halyq Uni.

Бұл туралы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Құрманғазы Айтмұрзаевтың хабарлағанын айтқан Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының бұрынғы жетекшісі Мәди Манатбек әлеуметтік желіге жазды.

«Сейдахмет ағамыздың үйіне таңертең ғана барып, өзімен жүздесіп, ашық-жарқын сөйлесіп едік. Сырқатына байланысты ем-шараларын ақылдасқанбыз. Енді міне, ағамыздан айырылып қалдық», - деп Айтмұрзаевтың сөзінен үзінді келтірген.

Сейдахмет Құттықадам жазған әр кітабында, берген әр сұхбаты мен зерттеуінде демократия құндылықтарын насихаттайтын. Қатты айтса да анығын айтып, мемлекетті басқарудың мансап қана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін, сондықтан ел билегендердің ең алдымен жанашыр болуы керектігін жете түсіндіретін, - деп жазды Мәди Манатбек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Сейдахмет Рысқожаұлы ұзақ жылдар ұлттық ғылымның, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Айналасына сыйлы азаматтық болмысымен баршаның зор құрметіне бөленген Сейдахмет Рысқожаұлының жарқын бейнесі оны білетін жұртшылықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деді Тоқаев өзінің жеделхатында.

Ал журналист Гүлжан Ерғалиева оның Назарбаев феноменін алғаш зерттеген журналистердің бірі болғандығын, сол үшін қысымға ұшырағанын атады.

«Сейдахмет Рысқожаұлы – Назарбаев феноменін алғаш жазып, зерттеген журналистердің, одан кейін бірнеше кітап авторларының бірі болды. Сонау 90-жылдары мен ол туралы шындықты жаздым. Сондықтан ол алғашқылардың бірі болып қуғынға ұшырады. Олар оның беделін түсіруге, қорқытуға, бопсалауға, отбасын қудалауға тырысты. Ал Секеңнің рухы күшейе түсті. Ол нағыз кәсіпқой еді!» - деп жазды Гүлжан Ерғалиева замандасы жайында. 

«БАЯҒЫ ТОҚЫРАУҒА БАТТЫ ДА ҚАЛДЫ»

«Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында Сейдахмет Құттықадам экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды тоқырауға ұшыратқан кезеңін сынаған. 

2010 жылдан кейін аса көп өзгеріс болған жоқ. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты жүйені салды. 2007-2008 жылдары мұнайдың ақшасы ағып келді. Бәрі байып алды. Үлкен өзгеріс тек 2019 жылы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген кезде. Сол 30 жылғы тоқыраудың арты қаңтар қасіретіне алып келді. Әр адамның өз кезі бар. Билік басқаратын, кететін. Келген кезі маңызды, бірақ ең маңыздысы – дер кезінде кету. Отырып қалдың ба, бітті, беделің түсе бастайды. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев ары кетсе, 2005 жылы кетуі керек еді. Бірақ одан кейін тағы 14 жыл отырып, баяғы тоқырауға батты да қалды, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Осы орайда ол өткен 30 жылдың Қазақстан тарихы үшін өте қиын кезең болғанын жеткізді. Айтуынша, жаусыз, даусыз, соғыссыз, бай, дайын мемлекет – Қазақстанды басқару үшін көп ақылдың керегі жоқ.

«Назарбаевтың басқарған кезеңі – тарихымызда өте қиын кезең. Нұрсұлтанның алдына дайын елді, даусыз, жаусыз, соғыссыз тарта салдық. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, мәдениеті бар керемет халық. Бәрі дайын. Аса ақыл керек жоқ еді басқару үшін. Жүйеге ғана салған болса, біздің ел керемет дамып кетер еді. Сол кезде бізге қарағанда Оңтүстік Шығыстағы мемлекеттердің жағдайдары өте қиын болатын. Олар 30 жылда шыңға шықты. Ал біз кері кеттік. Оның бәрі – Назарбаевтың нәтижесі. Сондықтан оның басқарған уақытын дұрыс деп айта алмаймын. Қайта бәрін қиратты. Мына Еуразия елдерінің басшыларының бәрі антирейтингке кіреді ғой. Оны жазуға уақытым жоқ. Бірақ антирейтинг болса, бірінші орында Нұрсұлтан Назарбаев тұрар еді», - деген саясаттанушы.

БІР МАҚАЛАНЫҢ ТАРИХЫ

Жазушы-публицист Исмаилжан Иминов замандас әріптесінің журналистикадағы батыл ұстанымы жөнінде сыр тарқатты. Онымен таныстығын үлкен қимастықпен баяндаған жазушы, Қазақстандағы ұйғырлардың қасіреті туралы зерттеу мақаласының басылып шығуына Сейдахмет Құттықадамның ұйытқы болғандығын атады. 

Қазақтың тамаша ойшылы, жазушы-саясаткері, үлкен ағам әрі сырлас досым Сейдахмет Құттықадам өмірден озды. 1980 жылдардың соңынан бері Сейдахмет ағаның тамаша журналистік, саяси қызметімен таныс болсам да, тек 2012 жылы танысудың сәті түсті. Одан кейін «Ату, немесе Жетісудағы қызыл террор туралы шындық» деген мақала жаздым. Онда Азамат соғысы кезіндегі Қазақстан ұйғырларының қасіреті туралы айтылады. Мақаламды қолыма ұстап, оңтүстік астанадағы газет-журналдардың редакцияларын түгел араладым, бірақ мақаланы оқып шыққан соң соңғы сәтте жариялаудан бас тартты. Беделді журналистердің арасында жақсы достарым, курстастарым көп болды. Маған «Ұйғыр Авази» газетінің редакторы Юлдаш Азаматов: «Сіздің бұл материалыңызды елде біреу жариялайтын болса, ол – тек Құттықадам болады», деді. Сонымен мақаланы 2012 жылдың мамыр айының аяғында республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» журналын басқаратын Сейдахмет Рысқожаұлына алып келіп, редакцияға қорқасоқтап кіріп, әңгімелеп бердім. Көп ұзамай басылымның маусым айындағы санында жарық көріп, отандық және шетелдік оқырмандар мен мамандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Біздің танысуымыз бірден достыққа ұласты.

Сейдахмет Құттықадам редактор болған бірнеше жыл бойы «Мысль» журналының әр санында дерлік жарияланып тұратынмын. Ол кісінің жылы сөздерін ешуақытта ұмытпаймын. Қазақ тарихында мәңгі қалатын тамаша азамат дүниеден өтті», - дейді жазушы. 

«МЕН ӨЗ КІТАПХАНАММЕН БАҚЫТТЫМЫН»

Айта кетелік, Сейдахмет Құттықадам 1946 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қазақ химия-технология институтын бітірген. Техника ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстанның құрметті журналисі.

Осы жылдар ішінде ол республикалық басылымдарда – «Мысль» және «Арай» журналдарында, «Время-Дәуір» және «Эпоха» газеттерінде бас редактор қызметін атқарды.
1992-993 жылдары Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары болды.

«Дао Алтая» («Алтай Даосы»), «Служение нации» («Ұлтқа қызмет ету») және «Казахская драма» («Қазақ қасыреті») кітаптарының авторы.
Саясаттанушы баспасөзге берген сұқбатында қоғамдық қызметтен басқа кітап оқуға ерекше құштар екендігін айтқан.

Бұрын балық аулағанды жақсы көрдім, бірақ соңғы жылдары оны қойып кеттім. Менің еш өзгермейтін құштарлығым – кітаптар. Мен әлі күнге дейін оқығанды өте жақсы көремін. Қазір Томас Манның мақалаларын ләззаттана қайта-қайта оқып жатырмын. Керемет сөз шебері! Оны жазушы-романшы ретінде біледі, бірақ тағы қандай очерктер жазған десеңізші! Мен өз кітапханаммен бақыттымын. Қоғамдық немесе отбасылық проблемалар діңкелеткенде – мен бірден қаптаған ақылды кітаптардың бірін қолыма алып, оның тереңіне сүңгіп кетемін, сосын бәрі тамаша», - дейді Сейдахмет Құттықадам. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама