×

ІІМ артық салмағы бар қазақстандықтарды жұмысқа шақырады

Олардың өз саласында мықты маман атануға мүмкіндігі бар 

 Дәурен Ерболат 04.03.2024 | 16:45
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев артық салмағы бар қазақстандықтарды полицияда жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІМ-де өткен брифингте ресми өкілге «Аттестация барысында артық салмағы бар полиция қызметкерлері бұрынғыдай жұмыс істей бере ме?» деген сұрақ қойылды. Шыңғыс Алекешев мәселе бақылауда екенін жеткізді.

Полицияда барлық лауазым физикалық дайындықтың жоғары болуын талап етпейді. Бұл талап бірінші кезекте патрульдік полицейлер мен арнайы бөлім қызметкерлеріне қатысты. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Полиция қызметкерлері кем дегенде аптасына екі рет дене шынықтырумен айналысуға міндетті. Жылдың соңында қызметкерлердің физикалық дайындығы тексеріледі. Жыл сайын қызметкерлеріміз медициналық тексеруден өтеді. Онда оларға диета және емделу бойынша кеңес беріледі. Осылайша, біз артық салмағы бар қызметкерлермен жұмыс істейміз, - деді ол.

Сондай-ақ ресми өкіл артық салмағы бар қазақстандықтарды полицияда жұмыс істеуге шақырды.

Ең алдымен полиция қызметкерлерінен зияткерлік қабілет талап етіледі. Себебі бізде көптеген бағыт бар. Мысалы, ол (полиция қызметкері) жақсы IT-маман немесе тергеуші болуы мүмкін. Сондықтан мұнда интеллектуалды қабілет керек. Олар осы профильді бағыттарда жұмыс істей алады. Керісінше, біз азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Олар осы профильді бағыттарда еңбек ете алады, - деді Шыңғыс Алекешев.

Бұған дейін ресми өкіл биыл полиция басшыларының аттестаттаудан өтетінін хабарлаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама