Аймағамбетов жаңа бұйрыққа қол қойды
Білім және ғылым минситрі халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойды. Аталмыш құжат жеңімпаздар мен жүлдегерлерге отандық ЖОО-да бейінді бағытта білім алу үшін гранттар бөлуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды, – деп жазды Аймағамбетов.
Сонымен бірге ол бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізетінін айтты.
Еске сала кетсек, жас отандастарымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алған. Осылайша ұлттық құрама ІІІ орынды иеленген болатын.
Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады.