Шымкентте тағы да үшем дүниеге келді
Сәбилерге ата-анасы Атамбай, Мұса, Муслим деген есім берді
Шымкенттегі №2 қалалық ауруханаға қарасты перзентханада үшем дүниеге келді.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, дәрігерлер уақытынан бұрын дүние есігін ашқан сәбилерді күтіп, баптап, бүгін шаңырақтарына шығарып салды. Нәрестелердің анасы Наргиза Әшірметованы дәрігерлер 2 ақпанда кесір тілігі арқылы босандырып алған.
Наргиза Әшірметова 31 жасында төртінші рет құрсақ көтерді. Үшемге аяғы ауыр екенін жас ана жүктілігінің алғашқы аптасында білген. 33 аптада, яғни айы-күні толмай, өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Перзентхана дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған сәбидердің әрқайсысы осы уақыт ішінде 2 келіден аса салмақ қосқан.
Үшемді ата-анасы Атамбай, Мұса, Муслим деп атады.
Бүгін дәрігерлер үшем мен анасына сыйлықтар табыс етіп, үйіне шығарып салды.
Жалпы, биыл Шымкентте 4 911 сәби дүниеге келген. Оның 2 493-і – ұл, 2 418-і – қыз. Егіздердің саны 50-ге жетіп, екі үшем өмірге келді.