Halyq Uni логотип
×

Аттестаттаудан өтпей қалған полиция басшылары жұмыстан шығарыла ма - ІІМ жауабы

Олар сотқа да шағымдана алады

 Дәурен Ерболат 04.03.2024 | 15:35
Аттестаттаудан өтпей қалған полиция басшылары жұмыстан шығарыла ма - ІІМ жауабы
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев аттестаттаудан өте алмай қалған полиция қызметкерлеріне 3 ұсыныс жасалатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл жеке құрамның тек 6%-ы, яғни орта буын басшылары аттестаттаудан өтеді.

Заңды қалай білетіні, физикалық дайындығы, тапаншадан оқ ату, логикалық қабілеті, жеке қасиеті бағаланады. Ең маңызды кезең әңгімелесу болып саналады. Онда полиция қызметкерінің кәсіби дағдысы, жеке құзыреті, басқару дағдасына да баға беріледі. Ақылдасу барысында тиісті шешім қабылданады, - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен брифингте.

Алайда ресми өкіл аттестаттаудан өтпей қалған полиция басшылары бірден жұмыстан шығарылмайтынын атап өтті.

Қанағаттанарлықсыз баға алған қызметкерлерге 3 ұсыныс жасалады. Біріншісі – лауазымын төмендету. Екіншісі – басқа қызметте жұмыс істеу. Үшіншісі – жұмыстан босату. Егер полиция қызметкері өңірдегі аттестация комиссиясы шығарған шешімге келіспесе, одан жоғары тұрған орталық аттестация комиссиясына шағымдана алады. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әр қызметкердің сотқа да шағымдануға құқығы бар, - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін қызметіне сай келмейтін полицейлердің жұмыстан шығарылатыны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама