Табиғи апат 6 облысқа қауіп төндіріп тұр
«Қазгидромет» РМК су тасқыны бойынша негізгі болжамдарын жариялады.
Еліміздің жазық өзендеріндегі көктемгі су тасқыны болуы мүмкін өңірлер гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеу деректеріне сәйкес жасалды.
«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, NASA спутниктерінің Жерді қашықтан зондтау суреттері бойынша 1 наурыздағы жағдайға сәйкес, Қазақстанның 72% аумағында қар жабыны бар. Жауын-шашын мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдығы көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтарға алдын ала баға берілді.
Осылайша, су тасқыны қаупі жоғары өңірлер ретінде Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары аталды, – делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Орта қауіптегі өңірлер Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан мен Ұлытау облыстары болса, Маңғыстау облысында су тасқыны қаупі жоқ. Қазір қар жиналу процесі жалғасып жатыр.