×

Гаитиде түрмеге басып кірген қарулы топ 4 мың тұтқынды босатып жіберді

Қарулы топтың «Барбекю» лақап аты бар жетекшісі премьер-министрге соғыс жариялады

 Еркеғали Болатұлы 04.03.2024 | 12:48
фото: mavink.com

Гаитилік банда Кариб теңізінде орналасқан мемлекет астанасындағы түрмеге баса көктеп кірген. Бұл туралы BBC хабарлады.

Оқиға сенбі күні кешке, мемлекеттің премьер-министрі бандитизммен күресу үшін Гаитиде халықаралық контингентті орнату туралы келіссөздер жүргізу үшін Кенияға барғаннан кейін болған. Осыдан кейін қарулы топтың «Барбекю» лақап аты бар жетекшісі премьер-министрге соғыс жариялады.

Түрмеге шабуыл жасалғаны белгілі болған соң жексенбі күні оқиға орнына халықаралық агенттіктердің жергілікті тілшілері жетті. AFP агенттігінің мәліметінше, түрме қақпалары ашық, ал олардың жанында оннан астам мәйіт жатыр.

Банда түрмеге баса көктеп кірген күні Круа-де-Буке қаласындағы абақтыға да шабуыл жасалған. Круа-де-Букедегі түрмеден қанша адамның қашып кеткені әзірге белгісіз. Гаитидегі абақтыда 3 800 тұтқын отырған. Reuters агенттігінің мәліметінше, олардың 99-ы камераларда қалған. Олардың арасында 2021 жылы шілдеде Гаити президенті Джовенел Моисенің өліміне қатысы бар деген айыппен сотталған бұрынғы колумбиялық сарбаздар да бар.

Президенттің өлімінен кейін Гаитиді бандитизм мен анархия жайлады. Ел астанасы Порт-о-Пренстің 80%-ын қарулы бандалар басқарып отыр. Былтыр 11 миллион халқы бар мемлекетте 8 500-ге жуық адам қаза тапты.

Өткен жылы Кения гаитилік бандаларды басып-жаншу үшін 1000 полиция қызметкерін жіберіп, халықаралық әскери күштерді басқаруға келіскен еді. Жақында Африкалық мемлекет Бенин тағы 2 мың әскер жіберуге уәде берді. Ал АҚШ осы операцияны қаржыландырады.

Кенияның Жоғарғы соты атқарушы биліктің Гаитиге қатысты шешім шығаруын кейінге қалдырды. Ал Гаити премьер-министрі Ариэль Анри бейсенбіде келісімді сақтап қалу үшін Найробиге барды.

Дәл сол күні бандалардың жетекшісі, бұрынғы полицей, «Барбекю» лақап аты бар Джимми Шеризье ел астанасындағы және провинциядағы барлық бандалар Анриді қызметінен түсіру үшін бірігіп жатқанын айтты.

Елді ешкім басқармайды, басшы жоқ, халық аш, адамдар көшеге шығуға қорқады. Халық шаршады және бұдан былай шыдай алмайды, – дейді Джимми Шеризье.

Бұған дейін түрмеге жасалған бірнеше шабуыл кезінде 4 полиция қызметкері қаза тауып, бесеуі зардап шеккен еді. Қарақшылар әуежайға шабуыл жасап, көптеген рейсті тоқтатып тастады. Бірнеше студент қысқа уақытқа кепілге алынып, оның біреуі жарақат алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама