Қаладағы қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам полиция қызметкері қамтамасыз етіп жатыр
Алматы қаласының полициясы қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаладағы қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам полиция қызметкері қамтамасыз етіп жатыр. Патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция мен жедел бөлімшелердің инспекторлары қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Сонымен қатар, тергеу-жедел топтар күшейтілді.
Жалпы білім беретін мектептер мен медициналық мекемелердің жағдайы ерекше назарда. Жол қозғалысы жағдайы тұрақты және бақылауда. Жанармай құю бекеттері де бақылауға алынды, – делінген хабарламада.
Солтүстік-оңтүстік-шығыс-батыс бағыттарындағы жол қозғалысы автокөлік қозғалысының көбеюіне қарамастан, әдеттегідей бағдаршамның көмегімен басқарылады. Күрделі жағдайда қозғалыс қолмен басқаруға ауыстырылады.
Еске сала кетсек, бүгін таңертең Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болды. Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл жиналысын өткізген болатын.