×

Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов жеке заттарын музейге тапсырды

Ол 1994 жылы Лиллехаммер қаласында 50 шақырымдық жарыста чемпион атанған еді

 Дастан Жұмабекұлы 04.03.2024 | 11:09
Фото: Instagram.com/qaz_olympics/

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, қысқы спорттан Олимпиадаға алғаш рет қатысқан кезде Олимпиада чемпионы атанған шаңғышы Владимир Президент орталығындағы Қазақстан спортының Даңқ музейіне жеке заттарын тарту етті.

Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиадада 50 шақырымдық (классикалық стиль) жарыста чемпион атанған еді.

Бұл біздің егемен ел ретінде барған алғашқы Олимпиялық ойындарымыз, бірінші алтын жүлдеміз болатын. Өзімді сол үшін мақтан тұтамын. Содан бері арада 30 жыл өтіпті. Щучье қаласында арнайы іс-шара болды. Мектеп оқушылары маған жылы лебізін айтып, зор қуаныш сыйлады. Осы музейге келушілердің көп болғанын қалаймын. Біздің заттарымыз арқылы олар сол жарыс туралы көбірек біле алады, – деді Олимпиада чемпионы.

Қазір Қазақстан спортының Даңқ музейіне Серік Сәпиевтің Лондон Олимпиадасындағы былғары қолғабы, Александр Винокуровтың жейдесі мен велосипеді, Дмитрий Баландиннің Рио Олимпиадасындағы спорт киімі, Дәулет Тұрлыхановтың медальдары, Денис Теннің Сочи Олимпиадасындағы костюмі, Данияр Елеусіновтің шлемі мен киімі, Геннадий Головкиннің алтын белбеулері мен басқа да заттар қойылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама