Анамды Болат Назарбаевтан қызғандым
Белгілі әнші Мәдина Ералиеваның жалғыз ұлы Арсен Ералы Stan.kz Youtube арнасына сұхбат беріп, анасы жайлы естеліктермен бөлісті.
Қайғылы хабарды маған Нағима Есқалиева естіртті. Кешкі уақыт еді, үйге телефон шалды. Орысшалап «Мен Нағима апаңмын. Сенімен кездесуім керек, айтатын әңгімем бар. Қазір сенің үйіңе барамын» деді. Мен таңғалдым, былайша өмірі звондамайтын адам еді. Біртүрлі боп тұрып қалдым. Сөйтіп далаға шықтым, ол кісі «Мерседесімен» келді. Жанында үлкен кісілер бар. Болған жағдайды айтып берді. Мен сенбедім... Бәріне белгілі жағдай ғой, апат болған көлікте Болат Назарбаев та отырған. Кейін ол кісі де телефон соғып, «Да, это правда» деп жағдайды баяндап берді. Байқоңырдағы мәйітханада жүрген екен. «Арсен, осындай болды, анаңнан айырылдық. Енді соны медициналық сараптама тағайындап, мәйітті союға рұқсат бересің бе?» деп сұрады. Мен небәрі 19 жастағы баламын ғой, «білмеймін» дедім. Сосын тәтем келді, жылап-еңіреп. Мең-зең болып отырып қалдым. Үйдің іші азан-қазан болды.
Шынымды айтсам, анам қайтыс болғалы бері жыламадым. Шерім ішімде бұғып қалған сияқты, көзімнен жас шықпайды. Әлі күнге дейін келіп қалатын сияқты, күтемін, елеңдеймін. Кеңсайдағы зиратының басына барып құран бағыштаймын. Сондай сәтте тып-тыныш боп тұрған жерден аяқасты жел тұрады. Мен оны кәдімгідей сеземін, сөйтіп анаммен тілдесемін, сырласамын. Өмірдің ситуациялары да солай, қандай да бір қиындық, проблема шықса, соның шешімін табуға анам көмектеседі. Ол кәдімгідей білінеді», - деді Мәдина Ералиеваның ұлы.
Осы орайда ол Болат Назарбаев пен анасының қарым-қатынасы туралы да айтып берді.
Олар 1996-1997 жылдардан бастап ресми түрде ерлі-зайыпты болып, өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Әрине, басында менде қызғаныш болды. Баласы ретінде анамның басқа адаммен бас қосқанын қабылдай алмай жүрдім. 14-15 жастағы жасөспірім баламын. Бірақ ол өте жақсы, қарапайым кісі болған. Анамның таңдауы ғой, кейін оған ешқандай қарсылық білдірмедім. Араларында келіспеушілік болмады демеймін, болды. Есімде қалғанын айтайын. Анам өте ырымшыл адам еді. Мысалы, үйден шықты ма, қайтып келмейтін. Қайтып келсе, айнаға қарайтын.
Бір күні үшеуміз Біріккен Араб әмірліктеріне жолға шықтық. Болат аға билетті, бәрін алып қойған. Үшеуміз машинаға мініп, әуежайға келе жатқанда жолда бір проблема шықты. Машинамызды полицейлер тоқатты-ау деймін. Сонда мамам «Болды, бармаймыз, артқа қайтайық» деді. Болат аға таңғалып, «Не боп қалды?» деді. Мамам «Мыналар бізді бөгеп тұр, жолда бірдеңе болып қалуы мүмкін қазір» деп көнбеді. Бірақ Болат аға айтқанынан қайтпай, бәріміз әуежайға барып едік, кеден қызметкерлері өткізбей тұрып алды. Бай кісі еді ғой, ірі көлемде ақша алып шыққан ба, бірдеңе болды. Сол кезде екеуі қатты ұрысты. Сол есімде қалыпты. Арада үш күндей уақыт өткенде Болат аға «біз мінбек болған ұшақтың бір қозғалтқышы істен шығып, апатты жағдайда қоныпты» деді», – дейді Арсен Ералы.