Онда түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі
Қызылордада жаңадан салынған «Өнер орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева және комиссия мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, облыстың зиялы қауымы, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Сыр өңірі – шежіре тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекен, қазақ театрының алғашқы қазығы қағылған жер. Аймағымыздың киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі.
Қызылордада осындай өнер ордасына қажеттілік заман үдерістері мен көрермен талғамына сәйкес туындады. Аз ғана уақыттың ішінде құрыш қолды құрылысшыларымыздың кәсіби шеберлігі арқасында көз алдарыңызда сәні мен сәулеті келіскен «Өнер орталығы» бой көтерді. Ғимараттың салтанатты ашылуын әйел-аналарымыздың құрметіне, Сыр сұлуларының мерекесіне арнаудамыз. «Өнер орталығы» еліміздің рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін! – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов сөз сөйледі.
Мұнан әрі қонақтар жаңа орталықты аралап, «Сыр өңірі өнер тұлғаларының экспозициялық картинасы» және «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің бесігі» атты көрмені тамашалады.
Еске салсақ, 2022 жылдың қыркүйегінде Қызылордада 1 мың келушіге арналған орталықтың іргетасы қаланды. Құны 3,7 млрд теңге болатын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.
Айта кету керек, Сыр өңірінің мәдениет пен өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр жұмыс жасаса, концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды. Облыстың мәдениет мекемелерінің мамандары Италия, Белорусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибелері енгізілмек.
Сырдың төрінде еліміздің барша аналарына арналған перзент сыйы – «Анаға тағзым» орталығы, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдап, өнерін насихаттауға арналған «Инклюзивті театр» құрылды. Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып өнер көрсетіп жатыр.
Елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады.
Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылады. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Жақын күндері балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.