Павлодар облысында жеті адам уланып өлді: кінәлі 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Данияр Айтпайұлы

Жеті адамның өліміне қатысты тергеу басталды

көрнекі фото: pixabay.com

Ертіс ауданында жеті адамның өліміне әкелген белгісіз сұйықтықтың қалдығына сараптама тағайындалды. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция жағдайды анықтау барысында 26 мамырда Ертіс ауылының тұрғындары белгісіз сұйықтықты тұтынып, салдарынан жеті адамның қайтыс болғанын анықтады. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Сұйықтықтың шыққан жері белгісіз. Ертіс ауданының тұрғынынан алынған ыдыста қалдық сақталған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі («абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, қызметтерді орындау қызметтер көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттердің жазасы - төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру.

Естеріңізге сала кетейік, жетінші адам - 48 жастағы тұрғын кеше Павлодар қаласының №3 ауруханасының жансақтау қайтыс болды. 1980 жылы туған ер адам Ертіс аудандық ауруханасында өкпені жасанды желдету аппаратында көз жұмды. 27 мамыр күні сағат 22:17-де Ертіс ауылында үй иесі - 1955 жылғы ер адам мен 1990 жылы туған ұлының денесі табылды. 28 мамыр күні сағат 07:15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы және сағат 18.00 шамасында 1969 жылғы ауыл тұрғындарының, сағат 07.24-те үйден 1957 жылғы зейнеткердің денесі анықталды.