БҚО-да ажырасқан әйел күйеуін өлтіруге киллер жалдаған
Ажырасқан әйел 43 жастағы кәсіпкер күйеуін тапсырыспен өлтірмекші болған
Батыс Қазақстан облысында дүние-мүлкін бөліске салғысы келмеген 40 жастағы әйел күйеуін өлтіруге киллер жалдаған. Бірақ қастық қылмай тұрып жалдамалы жендеттерді полиция ұстап үлгерген, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Оқиға Ақсай қаласында болған. Ажырасқан әйел 43 жастағы кәсіпкер күйеуін тапсырыспен өлтірмекші болған. Өйткені жолдары екіге айырылған ерлі-зайыптылар арасында 12 жастағы бала кімнің қамқорында қалады деген дау туындаған. Сондықтан 40 жастағы әйелі отбасындағы кикілжіңді бір оқпен шешпекші болған. Тіпті киллер жалдап, күйеуін өлтіруге тиіс жендеттерге 1 миллион үш жүз мың теңге берген. Қалған 700 мың теңгені тапсырыс орындалған соң төлеуге келіскен. Алайда полицейлер 33 жастағы киллерді қылмыс жасамай тұрып қолға түсірді. Енді ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Жалпы тапсырыс беруші ұйымдастырушыға шамамен 2 миллион теңге қаражат бермекші болған. Күдіктілер ұсталды. Сот санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау, бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс «кісі өлтіруге оқталу» фактісі бойынша тергеліп жатыр. Қазір жәбірленушінің өміріне ешқандай қауіп жоқ», - дейді БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев.