«Ашулы, ызалы»: Лавров Путиннің денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады
Ол Ресей президентінің халықтың көз алдында жүргенін, денсаулығы керемет екенін айтты

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Францияның «TF 1» телеарнасына берген сұхбатында Путиннің денсаулығына қатысты сұраққа жауап берді.
Ол Украинадағы соғыс басталысымен Ресейдің саясатына қарсы елдер Путиннің денсаулығына байланысты неше түрлі ақпараттарды жариялап келе жатқанын, оның бәрі Кремль басшысының күнделікті өмірдегі жүріс-тұрысы, жұмысы көрсетіп тұрғандай, жалған екенін айтты.
Сұхбатта француз журналисі Лавровтың бұл сөздерін тағы бір нақтылап алу үшін Путинге қатысты тағы бір сұрақ қойып, одан нақты жауап алды.
«Соңғы кезде Путиннің түрі өзгеріп кеткен. Бет-аузы ісіп, әжімдер көбейген. Еуропада оны қатты ауырып жатқанын, қазір Украинадағы соғыстағы сәтсіздіктен кейін оның тіпті қатты ашуланып, ызалы болып жүргенін айтады...», - деген сұрағына Лавров:
«Путиннің ауыратынына сеніп жүрген адамдар не ойласа да өздері білсін. Ұяттары білсін. Ондай өсек-аяндарға сенбеңдер. Оның денсаулығы жақсы. Тіпті, керемет деуге болады. Ол күн сайын кездесулер өткізеді, эфирге шығады. Путин халықтың көз алдында жүр. Ешқайда кеткен жоқ. Ештеңемен ауырып жүрген жоқ. Сенбесеңіздер Путинмен кездескен елдердің басшыларынан сұраңыздар, бәрін айтып береді. Мысалы, БҰҰ Бас хатшысы Гуттериштен сұрасаңыз болады», – деді ол.