×

Астанада 53 театр актері белдесті

Турнир ұйымдастырушысы, «Өнер барысының» 3 дүркін чемпионы Асылхан Төлепов «Театр барысының» ерекшелігіне тоқталды

 Еркеғали Болатұлы 01.03.2024 | 14:45
фото: дереккөз

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен актерлер арасында сайыс өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Биылғы бәсекеде еліміздің 17 өңірінен 53 актер 5 салмақ бойынша белдесті.

Өнер мен спортты бірге дәріптеп жүрген барша қатысушыларға алғысым шексіз. Сонымен қатар биыл Қазақстан алғаш рет V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдайды. Осындай додалар қазақ күресін дамытуға үлкен үлес қосады деп ойлаймын, - деді жарыстың ашылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Турнирдің басты мақсаты – еліміздің театрларында ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанның театр кеңістігіндегі актерлердің өнері мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысын нығайту.

Турнир ұйымдастырушысы, «Өнер барысының» 3 дүркін чемпионы Асылхан Төлепов «Театр барысының» ерекшелігіне тоқталды.

Ең бастысы, артымнан келе жатқан інілеріме үлгі болып, олар да қазақ күресімен айналысса деймін. Көптеген іс-шара тек ірі қалаларда өтіп жатады. Ал аудан, ауылдық деңгейдегі өнер адамдары сол төңіректе ғана болады. «Театр барысы» барлық жердің мамандарын бір ортаға қосып, күресіп қана қоймай, араласуына мүмкіндік сыйламақ. Былтыр кемінде 3 ай жұмыс өтілі бар қызметкерлер күрессе, биыл 6 айға ұзарттық. Өйткені былтыр күреспен кәсіби түрде айналысқан спортшылар да қатысып кетті. Биыл барынша таза ұйымдастыруға тырысамыз. Салыстырмалы түрде осы жолы қатысушылардың дайындықтары жоғары, - деді ол.

66 келі салмақ дәрежесі бойынша С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының актері Нұржан Бейсбеков 1-орын иеленіп, «Театр барысы» атанды. Атырау қаласындағы Махамбет атындағы академиялық қазақ театрының актері Нұрбек Омаров 2-орынға, С. Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрының актері Жанболат Қонысбек 3-орынға ие болды.

Ал 74 келіде Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрының актері Аймахан Ермахан 1-орынды қанжығалап, II дүркін «Театр барысы» атанды. Осы салмақта Астана қаласындағы Қуыршақ театрының актері Аманжол Хасенов 2-орынды, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрынвң актері Бауыржан Нұрмағанбетов 3-орынды еншіледі.

82 келіде белдескендер арасында Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ілес Көпбосынов жеңімпаз атанса, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының актері Мұхамедсаид Бағашаров 2-орынды, Астана қаласындағы Жастар театрының актері Бекжан Керімбаев 3-орынды иеленді.

90 келіде Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Әли Ризабек осымен II дүркін «Театр барысы» атанып, Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Astana musical мемлекеттік жастар театрынан Бейбарыс Асқарбеков 2-орынға қол жеткізді. 3-орын ШҚО драма театрының актері Мұқият Арыстанбекке бұйырды.

Ал ең жоғары салмақ +90 келі бойынша Атырау қаласындағы Махамбет атындағы академиялық қазақ театрының актері Асланбек Жанбаллаев қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақжол Амантай 2-орынды қанжығалады. Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актері Еламан Досжанов 3-орынға тұрақтады.

Ермахан Аймахан «Ең жылдам әдіс» номинациясының, Нұржан Бейсбеков «Ең үздік әдіс» номинациясының иегері болды. Ал Қонысбек Жанболат «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.

Турнир қорытындысы бойынша әр салмақ жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 500 мың теңге (1-орын), 300 мың теңге (2-орын), 150 мың теңге (3-орын) сыйақы берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама