×

«Алтын мерген» Гран-приінде Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды

Енді ұлттық құрама Бразилиядағы Әлем кубогы кезеңіне аттанады

 Дастан Жұмабекұлы 01.03.2024 | 12:14
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Шымкент қаласында нысана көздеуден «Алтын мерген» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

Биылғы турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан пен Беларусь Республикасынан 230 таңдаулы мерген жиналды. Олар барлығы 25 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Жалпы есепте 17 алтын, 13 күміс пен 13 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы 1-орынға шықты. Екінші сатыға Беларусь құрамасы 6 алтын, 10 күміс, 10 қола медальмен жайғасты. Үздік үштікті Қырғызстан түйіндеді (1 алтын, 2 күміс, 2 қола).

Қазақстан құрамасы сапында Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Александра Ле, Константин Малиновский мен Никита Чирюкин сынға түсті. Бұған қоса, Валерий Рахымжан, Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Ирина Юнусметова, Елизавета Безрукова, Юрий Юрков, Асадбек Назиркульев сынды жүлде алып жүрген ұлттық құрама спортшылары болды.

Енді ұлттық құрама Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Бразилиядағы Әлем кубогы кезеңіне аттанады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама