БҚО-да тапсырыспен күйеуін өлтірмек болған әйел ұсталды (ВИДЕО)
Олар дүние-мүлікті бөлісе алмаған
БҚО-да полиция тапсырыспен күйеуін өлтірмек болған әйелді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Өңірдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері шұғыл әрекет етіп, қылмысқа жол бермеді.
Қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен БҚО-ның 2 тұрғыны ұсталды. Қылмысқа тапсырыс беруші күйеуімен мүлікті бөлісе алмаған. Күдіктілерден кінәсін растайтын заттай дәлелдер тәркіленді.
Тергеу мәліметтері бойынша қаруды сатып алу және кісі өлтіруді орындау үшін тапсырыс беруші ұйымдастырушыға 1,3 млн теңге берген.
Күдіктілер ұсталды. Сот санкциясымен оларға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық іс кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Күдіктілер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір жәбірленушінің өміріне ешқандай қауіп жоқ.
Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.