Президент Геннадий Головкинді қабылдады
Ұлттық олимпиада комитетінің алдағы жұмысының басым бағыттары қарастырылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесуде мемлекет басшысы Ұлттық олимпиада комитетінің алдағы жұмысының басым бағыттарына назар аударды. Ол алдымен Халықаралық олимпиада комитеті аясындағы сенімді және тиімді қарым-қатынасты нығайту маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрамалардағы спортшылардың алдағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарына даярлығына қатысты зор жауапкершілік жүктелетінін еске салды. Сонымен қатар лицензиялар санын көбейтудің және Париж Олимпиадасында елеулі нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жүйе құрудың маңызды міндет екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, өз әлеуетін таныту үшін спортшыларға барынша қолайлы жағдай жасап, отандық спорттың өркендеуіне кері әсер ететін жағымсыз құбылыстарды жою қажет. Сондай-ақ ұлттық құрамаға спортшыларды іріктеу әділ жүргізілуі керек.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің кәсібилігі мен мол тәжірибесі еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың өзекті мәселелерін тиімді шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.