Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында 200 бастан астам жылқы аштан қырылған

Қарындарында қардан басқа ештеңе жоқ

 Еркеғали Болатұлы 29.02.2024 | 16:16
Ақмола облысында 200 бастан астам жылқы аштан қырылған
фото: видеодан скриншот

Ақмола облысының Біржан сал ауданында жылқы қырылып жатыр. Қыстақтағы малды ауылға жеткізуге жол жоқ. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Белуардан келетін қалың қар қыста жауған жаңбырдан сіресіп қатып қалған. Сол себепті тебіндегі жылқы азық таппай, аштан өліп жатыр. Алдындағы малынан айырылған шарасыз шаруалар әкім-қаралардан жалынып көмек сұрап отыр.

Сіздерден көмек сұраймыз. Облыс аппараты неге төтенше жағдай жарияламасқа? Мына жаққа техника жіберуге болмай ма? Тым құрығанда, жолдарды ашып бергенде. Ақша, азық сұрап жатқан жоқпыз. Өзіміз сатып аламыз. Қаншама халықтың малы бар. Биыл қыс сондай қатты болып жатыр. Жалғыз менде емес, көрші ауылдардың бәрінде мал қырылып жатыр, - деді шаруа Қайрат Бегалин.

Қар қалың түскенімен қоймай, жаңбырдан соң үскірік аяз айналаны көк мұзға айналдырған. Мәселен, Аңғал батыр ауылынан 20 шақырым жерде ғана жайылған жылқыны ауылға жеткізуге жол жоқ. Әбден ашыққан мал көтерем болып құлап, қар астында қалған. Биелер құлын тастап, төл басы кеми түскен.

Ал Біржан сал ауданының әкімі бір емес, екі рет жол аштық деп отыр. Алайда қырылған жылқылардың аурудан емес, аштан өліп жатқанын мал дәрігерлері де растады.

Мал шығыны бар екені рас. Ол біздің 4 ауданда тіркеліп отыр. Біздің мәліметіміз бойынша, мал шығыны 200 бастан асып кетті. Аурудың ешқандай белгісі жоқ. Мал аштан қырылып жатыр. Оны сараптама жүзінде дәлелдеп бере аламыз. Сойғанда қарындарында қардан басқа ештеңе жоқ, - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама