Лига кубогының жүлде қоры – 1 млн АҚШ доллары
Астанада Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы жаңа брендінің таныстырылымы мен жаңа маусымының тұсаукесері өтті. Осы рәсімде биылғы маусымнан бастап елімізде Лига кубогы мен Әйелдер лигасы деген жаңа турнирлердің болатыны хабарланды.
Лига кубогына 16 клуб қатысады. Олар кубок үшін ғана емес, сонымен қатар отандық футбол тарихындағы ең ірі жүлде қорын да сарапқа салады. Жүлде қоры 1 млн АҚШ доллары болады. Әйелдер лигасына еліміздің 5 өңірінен 6 клубтың қатысатыны анықталды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қатысып, құттықтау сөзін сөйледі. Ол Қазақстан футбол федерациясы Кәсіпқой футбол лигасымен елімізде спорттың осы түрін дамыту үшін демеушілер мен инвесторларды тартып, бизнес индустрияны құрып жатқанын, алдағы кезде миллиондаған халықтың сүйікті ойыны дамыса, мемлекет үшін ол халықаралық аренада мақтанатын спорт түрі болатынын атап өтті.
Футбол маусымының ашылу салтанатында Кәсіпқой футбол лигасының жаңа бренді мен логотипі, елімізде футболды дамытуға бағытталған бірқатар жоба ұсынылды. Жобалар небәрі 9 айда әзірленген. Олардың кейбіреуі елімізде бұрын-соңды болмаған. Мысалы, Лига кубогы мен Әйелдер лигасы – елімізде бұрын болмаған турнирлер.
Сонымен қатар, тұсаукесерде QFL сайты мен Кәсіпқой футбол лигасының әлеуметтік желідегі жаңартылған парақшалары ұсынылды. Іс-шарада жаңа маусымнан бастап, ойындардың эфирлік сапасының айтарлықтай жақсаратыны айтылды. Тікелей эфирді көбейту үшін кәсіби бейнекамераның көбейіп, арнайы медиа платформаның әзірленіп жатқаны белгілі болды.
Жақын арада жаңа Q-Football телеарнасы ашылады. Сондай-ақ маусымның тұсаукесер рәсімінде Wildberries компаниясымен бірлесіп әзірленген QFL ресми добы көрсетілді. Бұл компания – Кәсіпқой футбол лигасының жаңа демеушісі.