Шаралар Панфилов ауданының жалпы білім беретін мектептерінің кіші сыныптарында өткізілді
Жетісу облысының полицейлері ІІМ-нің М. Есболатов атындағы Алматы академиясымен бірлесіп, жолда балалар жарақатының алдын алуда шығармашылық тәсілді қолданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Акцияның негізгі мақсаты – балаларды құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік саласында тәрбиелеу. Бұл іс-шаралар Панфилов ауданының жалпы білім беретін мектептерінің кіші сыныптарында өткізілді.
Аудандық полиция қызметкерлері ІІМ Алматы академиясының өкілдерімен бірлесіп, балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертіп, олармен жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздері бойынша білімдерін тексеру мақсатында әңгімелесті.
Балалардың ақпаратты ойын түрінде жақсы қабылдайтыны барлығымызға белгілі. Сол себепті, біз жол қозғалысы ережелерін әртүрлі жағдайда қолдану бойынша дағдыларды бекіту үшін аталған ережелердің негізінде танымдық бояулар тараттық. Оқушылар жол қауіпсіздігі тақырыбындағы суреттерді аса қызығушылық танытып бояды, – деп атап өтті Панфилов аудандық ПБ-ның бастығы Асхат Кусембаев.
Іс-шара барысында жол қозғалысының жас қатысушылары жол ережелерін қайталап қана қоймай, жұмбақтар мен түрлі кездесетін жағдайлардың шешімін тауып, түрлі тапсырмаларды орындап шықты.
Жол қозғалысы ережелерін зерттеудің бұл әдісі балаларға шығармашылық пен ұсақ моториканы дамытуға ғана емес, сонымен қатар балалардың жолда және аулаларда қауіпсіз қозғалыстың ұғымын кеңінен түсінуге ықпал етеді. Полиция барлық ата-ананы балалармен жүргізілетін жеке қауіпсіздік сабақтарына тиісті уақыт бөліп, оларға жолда тәртіпті, сақ және мұқият болу қажеттілігін түсіндіруге шақырады.