×

Бір ауданның 5 ауылы «байланыс аясынан тыс жерде»

Карантин уақытында балалар сабақты қашықтан мүлде оқымаған десе де болады

 Еркеғали Болатұлы 30.05.2022 | 10:33
фото: inbusiness.kz

ШҚО Бесқарағай ауданындағы 5 ауылда интернет атымен жоқ. Ондағы 1,5 мыңға жуық тұрғын ұялы байланыссыз өмір сүріп жатыр.

«Байланыс ұстау үшін шатырға шығамыз. Жиенім 3-сыныпта оқиды. Осы уақытқа дейін күнделік қолданып көрген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, карантин уақытында сабақты қашықтан өтті. Ол кезде мүлде оқыған жоқ десе де болады. Әкімдіктің интернет болады дегеніне 3 жылдан асты», - дейді «Хабар 24» телеарнасына сұхбат берген Қарамырза ауылының тұрғыны Александр Котов.

Ал бұл 5 ауылдан басқасында интернеттің жылдамдығы секундына 8 мегабайт қана. Сондықтан Башкөл ауылының Қазпошта бөлімшесіне жерсерік құрылғысы қойылған. Тұрғындар несиесін, су, жарық төлемдерін төлеуге, зейнетақы алуға сонда барады екен. Алайда одан да пайда жоқ. Интернеті әлсіз болғандықтан, көп шаруа атқарылмай қалады.

«Бірінші кезекте Қара-мырза ауылында интернет желісін тарту жоспарланып отыр. Сол бойынша қазір жер актілері рәсімделіп, мобильдік байланыс биыл орнатылатын болады. Башкөл, Мороз лесхоз, Қоянбай ауылдарында қазір сметалық-құжаттама әзірлеуге конкурс жүргізіліп жатыр. Сол аяқталған соң жобалық-сметалық құжаты әзірленетін болады», - дейді Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Алмас Тастанбеков.

Жобалық-сметалық құжат дайындау үшін жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Енді аталған конкурсы біткеннен кейін ғана бюджетке өтінім жіберілмек. Тұрғындарға оны тағы күтуге тура келіп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама