«Әкесі мен екі баласы жансақтау бөлімінде жатыр»: Шымкентте газдан уланған отбасының жағдайы белгілі болды
Ауыр жағдайда марқұмның 27 жастағы ұлы мен оның кішкентай 2 баласы реанимацияға жеткізілді.
Шымкенттің Игілік ықшамауданындағы жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылыту пеші істен шығып, бір әйел қайтыс болған еді. Қайғылы жағдайдан соң үш адам ауруханаға жеткізілді. Олардың кім екені және жағдайлары белгілі болды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Ауыр жағдайда марқұмның 27 жастағы ұлы мен оның кішкентай балалары жансақтау бөліміне жеткізілді.
Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына 2 адам және 1 техника, «Интергаз» АҚ-ның 3 қызметкері мен 1 техника жіберілді.
«Үш науқас жедел жәрдем көлігімен гипербариялық оттегімен қамтамасыз ету орталығына жеткізілді. Олардың жағдайының ауырлығына байланысты біз пациенттерді жансақтау бөліміне жатқыздық. Қазіргі уақытта ауруханада 2020, 2021 және 1997 жылы туған науқастарға көмек көрсетілуде. Қабылдау кезіндегі диагноздар: ауыр газбен улану, токсикалық энцефалопатия, ретроградтық амнезия диагноздары қойылды», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына ТЖД және газ қызметкерлері келді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ас үйде газ плитасынан басқа ирандық каминнің орнатылғанын, ол түтін мұржасында тартқыш жабдығы болмаған кезде газ беруді тоқтатуды қамтамасыз ететін қауіпсіздік жүйесімен жабдықталмағанын мәлімдеді.
«Ұзындығы 3 метрден асатын каминнің түтін шығаратын құбыры қабырға арқылы үйдің шатырының астынан көшеге шығарылды. Сонымен қатар, мұржада тартқыш жоқ. Иранның газ камині қонақ бөлмесіне орнатуға арналмаған. Ол террассада, верандада — таза ауа үздіксіз келетін жерде қолдануға жарамды», - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары Елдар Қуандықов.
Төтенше жағдай тобы үйге газ беруді тоқтатты. Үй тұрғындарының өлімінің және ауруханаға жатқызылуының нақты себебі сот-медициналық сараптаманың нәтижелері бойынша белгілі болады.