Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою, білім сапасын көтеру мәселесі қалай шешілуде?
Үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы республикалық педагогтер съезінде мектептегі орын тапшылығына айрықша тоқталған еді. «Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз» деген болатын. Ал бұл бағытта Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Түркістан өңірінің ұстаздары Жапонияға барып, тәжірибе жинауда
Қазіргі таңда өңірде жалпы 1032 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Ал облыстағы 1409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Бұдан бөлек облыстағы 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды. Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер болса, еліміздегі әрбір 7-ші оқушы осы өңірге тиесілі.
Білімді ұрпақтың баспалдағы балабақшадан басталатыны белгілі. Егер алғашқы сатыдағы білім мен тәрбие сапасы артпаса, жаңа заманға лайықты ұрпақ негізі де қаланбайды дейді мамандар. Түркістан облысында «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші 98,9%-ды құраған. Мемлекет тарапынан әр балаға төленетін қаржы көлемі де артты. Мұның бағытталған жеріне жетуін арнайы мониторинг тобы қадағалап отыр. Бұл заңсыздықтың алдын алуға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Түркістан өңірінде 83 мың педагог еңбек етеді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл 100-ге жуық түркістандық мұғалім Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберілуде. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылданды. Меморандум аясында 5 мыңдай педагог университеттің академиялық сағаттарына қатысады. Одан бөлек 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдайды
Үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады
Түркістан облысында білім саласындағы өзекті мәселелер шешіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыс орталығына айналған 5 жыл ішінде 100-ден астам жаңа мектеп салынды. Әлі де орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір де мектептер салынып жатыр. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 100-ге жуық мектеп салынады. Оның ішінде «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы, Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен білім ошақтары ел игілігіне беріледі. Жиырмадан астамы беріліп үлгерді.
Білім алуға барынша жағдай жасалып жатқан жерде жетістіктің де болуы заңдылық. Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында оқушылар 9 алтын, 18 күміс, 20 қола медаль иеленді. Жалпы республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 13 алтын, 4 күміс, 8 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан 1-орынан көрінді. Соңғы үш жылда жас ұландарымыз республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында жүлделі бірінші, екінші, ал «Жас құтқарушы» сайысында екі жыл қатарынан 1-орынды иеленіп келеді.
«Қазақ даласының ұлы ойшылы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – деген сөзі бар. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2024-2027 жылдары халқы тығыз орналасқан аудан, қалалардан 2 Оқушылар сарайы мен 7 «Өнер» мектебін салу жоспарлануда.
Былтыр облыста жаз маусымында 17 жазғы сауықтыру лагерлерінде 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалды. 1050 бала республикалық «Балдәурен» және «Бөбек» оқу-сауықтыру орталықтарына жіберілді. «Қазақстан халқына» Қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен (Төлеби ауданында орналасқан «Қуаныш», «Көктөбе» лагерлерінде) тегін қамтылды. Қоғам талабын ескере келе облыс басшысы балалардың жазғы сауықтыруын сапалы ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен әр балаға бөлінетін қаржыны екі есеге, яғни, 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге көтеруді, жалпы 1,4 млрд. теңге қаржы бөлуді тапсырды. Сонымен қатар облыстағы лагерлер желісін арттыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, қосымша 1 720 орынға арналған жаңадан 5 лагерді қайта құру және 4 лагерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынуда.
Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектепалды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылуда.
Облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 200 мыңға жуық бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оған тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда облыста 20 мектеп-интернаттағы тамақтандыру мәселесі мемлекеттік-жекешілік әріптесік шеңберінде оң жолға қойылып, асханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды.
«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 заманауи автобус алынды.
Ауылдарға үгіт-насихат жүргізіліп, 15 мыңнан астам бала тегін оқуға түсті
Облыстағы колледждер осы оқу жылына бөлінген 15 344 орын мемлекеттік тапсырысты толық игерді (мемлекеттікте – 11 514, жекеменшікте – 3 830). Өткен оқу жылында колледждерде 5890 мемлекеттік тапсырыс игерілмей қалған болатын. Бұл ретте өңірдегі «Жастар ресурстық орталықтары», колледж ұжымдары, білім бөлімдері елді мекендерді аралап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде оқушылар тегін грантпен қамтылды.
Әкімдік тарапынан колледж студенттерінің сабаққа қатысуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Осы ретте, мониторинг жұмысын автоматтандыру мақсатында мемлекеттік 25 колледжге білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID ақпараттық жүйесі орнатылды. 2023 жылы 8-ші Ұлттық WorldSkills Kazakhstan чемпионатына колледж студенттері 29 мамандық бойынша қатысып, 2 алтын, 3 күміс, 1 қола, 9 арнайы медальон жеңіп алды.