Бүгінде мұндай қызметкерлер мемлекеттік мекемеде жұмыс істей алмайды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы конституциялық нормаларға сәйкес келтіруді көздейді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, құжат Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын іске асыру мүшін әзірленген.
Конституциялық сот азамат Б.Қ. Аргумбаевтың «Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы» заңның 16-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Осы норма мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтарды 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылдауды шектейді. Мемлекеттік қызметке осындай тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтар өмір бойы жіберілмейді.
Конституциялық сот азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік қағидаттарын сақтау үшін қажет шамада ғана шектелуі мүмкін екенін атап өтті», - деді ол.
Конституциялық соттың ұстанымынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық жасаған азаматтардың жағдайы тәртіптік теріс қылықтар үшін жұмыстан шығарылған адамдармен салыстырғанда, жеңілірек.
Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқығына қысым жасауға әкеп соғады. Әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келмейді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымына сәйкес, мұндай кемшіліктерді жою үшін заң жобасымен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу ескерілді. Бұдан басқа, заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі №22-НҚ нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталды, - деді Дархан Жазықбай.
Заң жобасы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 16, 59, 61, 64-1-баптарына түзетулер енгізуді көздейді. Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді.
Құжатта мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі шектеулерді салааралық саралау (дифференциациялау) көзделген. Шектеулер бойынша нормалардың редакциясы өзгергендіктен, 59 және 61-баптарға түзетулермен Заңның 16-бабының ережелеріне тиісті сілтемелер жасалды. Сондай-ақ келісімшарттық қызметкерлер бойынша 64-1-бабы (ұқсас шектеулер) және 2023 жылғы 3 қаңтардағы заңның нормалары да 16-бапқа сәйкес келтірілген. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, - деді Дархан Жазықбай.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.