Halyq Uni логотип
×

НАТО елдері Украинаға танк пен ұшақты бергісі келмей отыр

Альянс Ресеймен ашық соғыстың болғанын қаламайды

 Дастан Жұмабекұлы 30.05.2022 | 09:41
НАТО елдері Украинаға танк пен ұшақты бергісі келмей отыр
фото: tanki-tut.ru

НАТО-ға мүше мемлекеттер арасында Украинаға танк пен әскери ұшақ бермеу жөнінде жасырын келісім бар. Бұл туралы DPA агенттігі мен Die Zeit басылымдарының мәліметіне сүйеніп, «Азаттық» радиосы хабарлады.

НАТО елдері Украинаны қолдап отырғанына қарамастан, Альянс пен Ресей арасында ашық соғыстың болғанын қаламайды. Сол себептен қару-жарақтың белгілі бір түрлерін бергісі келмейді.

Мысалы, Польша Украинаға МиГ-29 жойғыштарын, Германия ауыр бронды техниканы беруден тас тартып отыр. Ал Чехия Украинаға бронды техникасын жіберді. Бірақ, олардың бәрі Кеңес одағы кезінде жасалған ескі қарулар. Батыс үлгісімен жасалған танктер мен ұрыс машиналары Украинаға жетпей жатыр.

Ресей олардың батыстың ұрыс танктері мен әскери ұшақтарын Украинаға беруін соғыс ашты деп санап, оған қарумен жауап беруі мүмкін деген қауіп бар, – деп жазды DPA.

Бұл туралы Германия канцлері Олаф Шольц бейсенбі күні Давоста сөйлеген сөзінде айтты. Ол НАТО елдері Ресеймен ашық майданда кездеспеу үшін барын салатынын, бірақ, Путиннің шарттарына ешқашан келіспейтінін мәлімдеді.

Қазір Германия халқы Шольц үкіметінің екіжүзді саясатын айыптап жатыр. ГФР-дың саяси күштерінің бірқатары Шольцты Украинаға ауыр техника беруге кедергі жасады деуде.

Украина Батыс елдерінен ауыр техника күтеді. Сол көмектің арқасында Ресейдің шабуылын тоқтатып, қарымта шабуылға көшкісі келеді. Алайда, әзірге ешқандай ауыр техника келіп жатқан жоқ. Бұл туралы Зеленский де айтып, Батыс елдерін сынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама