Шымкентте әйелін қызғанған ер адам оны таспен ұрып, бетін пышақпен тілген

Халық үні

Ер адам әйелді жиі ұрып-соққан

фото: Halyq Uni

Түркістан облысының 32 жастағы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін соққыға жыққаны үшін сотталды. Ол келіншектің беті пышақпен тілгілеген, деп хабарлады Қылмыстық істер жөніндегі Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты. 

Іс материалдары бойынша ер адам Шымкентте азаматтық некедегі әйелімен пәтерді жалдап, бірге тұрған. Сонымен қатар жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны жиі ұрып-соққаны үшін ол тіпті әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қыркүйек айында әйел медициналық орталықта емделген. Сол кезде кезде ер адам көршілерінен әйелдің басқа еркектермен сөйлесіп жүрді деп естіген. Қызғаныштан ол медициналық мекемеге келіп, сыртқа әйелді шақырып, оны қолмен, аяқпен, тіпті таспен ұра бастаған.

Сонымен қатар пышағын суырып алып, сүйіктісінің бетін тілгілеген. Кейін ол полицияға өзі барған. Көптеген дене жарақатын алған әйел №1 қалалық ауруханаға жатқызылып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болған. Ол азаматтық некедегі күйеуін кешірмей, қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

Ер адам Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленуші сот үкімі заңды күшіне енген кезде сотталған адамнан моральдық зиян мен материалдық шығынды өтеуді талап етті.