×

Бокстан ұлттық құрама лицензиялық турнирге дайындалып жатыр

Шымкентке 80-ге жуық былғары қолғап иесі жиналды

 Дастан Жұмабекұлы 27.02.2024 | 11:15
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Еліміздің бокстан ерлер құрама командасы Шымкент қаласында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындалып жатыр, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.

Оқу-жаттығу жиынына 80-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Олардың арасында лицензиялық турнирге қатысатын 6 боксшыдан басқа, ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары бар.

Жігіттердің дайындығы жақсы. Біз лицензиялық турнир алдында боксшылардың тактикалық және техникалық дайындығына екпін қойып жатырмыз. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалған. Енді 29 ақпанда Италияға жол жүреміз, – деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.

Апеннин түбегіндегі турнирге 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келі салмақта Сабырхан Махмұд, 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы, 71 келі салмақта Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай мен 92 келіде Айбек Оралбай қатысады.

Италиядағы турнирге қатыспайтын боксшыларымыз Сербия, Литва, Әзербайжан елдеріндегі халықаралық турнирлерде шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиынынан кейін боксшылардың бірқатары Атырауда өтетін Болат Теміровті еске алуға арналған халықаралық турнирде қолғап түйістіреді. Ал Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирде ерлер арасындағы 28 лицензия сарапқа салынады.

Қазір Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының бір лицезиясын иеленген. Жолдаманы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама