Әуе билеті айтарлықтай арзандаған өңірлер аталды
Жолаушыларды тасымалдаудан 66 млрд теңге пайда түсті
Биыл қаңтарда Қазақстанда жолаушылар үшін әуе көлігінің қызметі бір жылда 9,2% қымбаттады, деп хабарлады Finprom.kz.
Өңірлер бойынша бағаның өсуі Атырау облысында байқалды – 37,5%. Одан кейінгі тізімде Маңғыстау облысы (20,4%) және Шымкент қаласы (20,2%) тұр.
Солтүстік Қазақстан облысында баға 2023 жылғы қаңтардағы деңгейде қалды. Еліміздің 20 өңірінің жетеуінде әуе көлігінің қызметі арзандаған.
Бағаның ең көп төмендеуі Абай (45,2%), Батыс Қазақстан (24,4%) және Жамбыл (14,1%) облыстарында байқалды.
2024 жылғы қаңтарда әуе компаниялары 1,2 млн адамды тасымалдады. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 27,3% артық, соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Жолаушылар айналымы – 2,3 млрд жкм. Бұл – 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 18,7%-ға артық.
Жүк тасымалына тоқталайық. Қаңтарда әуе көлігімен 1,7 мың тонна жүк пен багаж тасымалданды. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 10,5% аз.
Биыл қаңтарда жүк айналымы 3,9 млн ткм болды. Бұл көрсеткіш былтырғы қаңтармен бірдей.
Жалпы кәсіпорындардың тасымалдаудан түскен табысы 65,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде жолаушы тасымалдаудан түскен табыс бірден 64,7 млрд теңге, жүк тасымалдаудан түскен табыс небәрі 1 млрд теңге болды. Жүргізушімен көлікті жалға алудан түскен табыс 663,6 млн теңге болды.