Қазақстанда мүгедектігі бар жандар қай санаторийде емделетінін өзі шешеді
Биыл 10 061 мүгедектігі бар адам, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар санаторийде емделді.
Мүгедектігі бар адамдар негізгі аурулардың алдын алу мақсатында медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жыл сайын санаторлық-курорттық емделуден өтеді.
Өткен жылдан бастап санаторлық-курорттық емделуге өтінімдер әлеуметтік қызметтер порталы арқылы рәсімделеді. Енді мүгедектігі бар адамдар жеке қажеттілігін, жағдайын, жайлылығын, сауықтыру рәсімінің көлемін және басқа жағдайларды ескере отырып, порталда тіркелген, олар үшін ыңғайлы кез келген санаторийді өз бетінше таңдайды. Бүгінгі күні өңір комиссиялары порталға 93 санаторлық-курорттық ұйымды жіберді.
ҚР Парламенті Сенаты бастамашылық еткен мүгедектігі бар адамды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы аясында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының ұсыныстарын ескере отырып, мүгедектігі бар бала санаторий-курорттық емделуден өткен кезде оған ілесіп жүруге арналған шығыстарды өтеу көзделген. Бұл түзетулер санаторлық-курорттық емдеумен барынша көп баланы қамтуға мүмкіндік бермек.
Парламент Мәжілісі Заң жобасын екі оқылымда мақұлдады және Сенатқа қарауға жіберді.