«24 күн аштық жарияладым»: Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір іс қаралып жатыр
Бұрынғы мәдениет министрі сегіз ай ішінде үшінші үкімін естігелі отыр.
Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлыны қатысты кезекті сот аяқталуға жақын. Бұрынғы мәдениет министрі сегіз ай ішінде үшінші үкімін естігелі отыр. Былтыр маусымнан бері жазасын Астанадағы №64 абақтыда өтеп жатқан ол «24 күннен бері нәр татпай аштық жарияладым» деді бүгінгі соттағы жарыссөзде, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Күнде йогамен айналысамын. Біз күнде кітап оқимыз, спортпен айналысамыз. 24 күн аштық жарияладым. Бірақ қажетті құжаттарымды алдым. Мақсатыма жеттім», - дейді экс шенеунік.
Мұхамедиұлы істі қарап жатқан прокурордың ауыстырылғанын қалайды. Әңгіме Астанадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген айыпқа қатысты қылмыстық іс турасында. Істің басы-қасында жүрген мемлекеттік айыптаушы өткен жұмада ғана бұған дейін экс-министрді айыпты деп тауып, 12 жылға қамауды сұраған. Мұхамедиұлы бұл іс біткенімен, басқасының басталатына сенімді.
Еске салсақ, бұрынғы мәдениет министрі бұған дейін екі іс бойынша айыпты деп танылған. Әуелі Ұлттық музейдегі жемқорлық дерегі бойынша 8 жыл арқаласа, кейін сол жазаны жеңілдету үшін адвокаты арқылы пара беріп, басы тағы бәлеге қалды. Сонымен алғашындағы сегіз жыл жазасына тағы үш жыл қосылып, 11 жылға бір-ақ кетті.
Сот үшінші іс бойынша да кінәлі деп тапқанның өзінде, тағы 12 жыл жаза қосылмайды. Заң бойынша, айыпталушы кесілген үш жазаның ішіндегі ең ауырын өтеуге тиіс.
«Мен сізге тағы сұхбат беріп жатырмын, тағы іс қозғайды. Қозғай берсін, мен қорықпаймын. Неге десеңіз, барлығының нақты бір фактісі жоқ. Егер факті болса, пара алып жатқанымды, басқа біреумен кездесіп жатқанымды көрсетуші еді, «міне» деп», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.