Өскеменде екі көлік соқтығысып, 5 адам зардап шекті
Жеңіл көліктегі бес адам, оның ішінде екі бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды
Шығыс Қазақстан облысының орталығында жеңіл көлік пен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, 5 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол апаты 28 мамырда сағат 14.20 шамасында тіркелген. Toyota маркалы көлікті тізгіндеп келе жатқан 40 жастағы ер адам жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып, алдында келе жатқан автокөлікті басып озбақ болған.
Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан жедел жәрдем көлігімен соқтығысты. Жеңіл көліктегі бес адам, оның ішінде екі бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына орай сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.