Қазпоштада 16 мыңнан астам қызметкердің жалақысы көтерілді
Былтыр «Дүниежүзілік пошта күні» кәсіби мерекесіне орай қызметкерлерге біржолғы сыйақы төленді
Қазпошта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндірістік сала қызметкерлерінің жалақысын индекстеді. Бұл туралы ұлттық пошта операторының баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап филиалдардың өндірістік қызметкерлерінің лауазымдық жалақы мөлшерін есепке алмағанда, лауазымдық жалақыны 15%-ға индекстеу жүргізілді. Ал 2024 жылдың қаңтарында барлығы 16 мыңнан астам қызметкердің жалақысы индекстелді. Қазпошта қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату жұмысы былтырдан бастап іске асырылып келеді.
Мәселен, филиал қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын индекстеу 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталып, әкімшілік және өндірістік персоналдың лауазымдық жалақысының мөлшеріне байланысты жүргізілді.
Индекстеу мөлшері 7%-дан 25%-ға дейінгі көлемде болды және аталған бастама лауазымдық жалақы мөлшері 300 мың теңгеден кем болған қызметкерлерді қамтыды. Бұдан басқа, 2023 жылы мемлекеттік мерекелер мен «Дүниежүзілік пошта күні» кәсіби мерекесіне орай, қызметкерлерге біржолғы сыйақы төленді.
Өндірістік қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 2023 жылдың 12 айы бойынша төленген сыйақыны қоса алғанда, 216 мың 789 теңге болды. Пошташыларда бұл сома – 168 мың 392 теңге.
Айта кетерлігі, Қазпошта ұлттық пошта операторы ретінде бүкіл ел бойынша пошта байланысы қызметін іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сол себепті, компания жұмысшыларының жалақысын көтеру – олардың компанияның табысты қызметіне қосқан үлесін лайықты қолдау.