Қазақстанның 8 өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі
Аталмыш шара 1 наурыздан басталады
Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөліктердің қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 1 наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы тасжолдарда қолданылатын болады. Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді.
Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады. Шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды іске асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды іске асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөліктерге қатысты қолданылмайды.
Осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізілетін болады.