Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр
Бейнеу ауданында қоғамдық тамақтану орталығында ас ішкен 36 адам уланып, оның 28-і ауруханаға жатқызылды.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем тағайындалған.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Уланғандар аудан орталығындағы «Али-Ман» атты дәмханада тамақтанған. 22 ақпаннан бастап аталған қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
Науқастарға облыстың бас инфекционист-дәрігерімен телемедицина арқылы консилиум ұйымдастырылып, тиісті ем-дом тағайындалды. Бейнеу аудандық көпсалалы ауруханасы дәрі-дәрмектердің жеткілікті қорымен қамтамасыз етіліп, қосымша 20 адамға орын дайындалады. Амбулаториялық ем алатын науқастарға қажетті бактерияға қарсы және симптоматикалық ем тағайындалды. Қазір осыған байланысты эпидемиялық шаралар жалғасып жатыр, - деп жазылған Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасыны баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сонымен бірге, жаппай тамақтан улану дерегі бойынша Маңғыстау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.