Алматы облысында өртенген үйден ер адамның денесі табылды
Өрт электр тоғының қысқа тұйықталуынан шыққан
Алматы облысында түнгі уақытта үй өртеніп, бір адам қаза тапты.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 ақпан түнгі сағат 02:49-да Райымбек ауылдық округіндегі саяжай қоғамдастығының тұрғын үйінде өрт шыққан.
Өрт 68 шаршы метр аумақты шарпып, үйдің төбесі опырылып түскен.
Сағат 04:00-де өрт оқшауланып, 05:03-те сөндірілді. Барлау жұмыстары барыснда үй иесінің денесі табылды, - делінген хабарламада.
Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, өрт электр тоғының қысқа тұйықталуынан шыққан.
Өртті сөндіруге ТЖД, полиция, жедел жәрдемнің 20 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды.