Ұлттық құраманың көшбасшысы Рината Сұлтанова жүлдеге бір табан жетпей, мәреге төртінші болып келді
Велотректен Үндістанның астанасы – Дели қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші медаль түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.
Топтан тыс қалу жарысында Рамис Дінмұхаметов қола жүлдегер атанды. Осы бағдарламада әйелдер арасында ұлттық құраманың көшбасшысы Рината Сұлтанова жүлдеге бір табан жетпей, мәреге төртінші болып жетті. Ал спринтте Дмитрий Резанов финишке 10-шы, Андрей Чугай 13-болып келді.
Рамис Дінмұхаметов былтыр Малайзияда өткен Азия чемпионатында жекелей сында күміс, командалық жарыста қола медаль жеңіп алған. Одан кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында «мэдисон» бағдарламасында Артем Захаровпен жұптасып, қола жүлдегер атанған.