Премьер-министр нарықты отандық өнімдерімен қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды
Үкімет басшысы көкөніс өсіретін жылыжай кешеніне барды
Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту туралы баяндама тыңдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
World Green Company ЖШС-ның көкөніс өсіретін жылыжай кешеніне барған Үкімет басшысы ондағы технологиялық үдеріспен танысып, дайын өнімдерді қарап шықты.
Жылыжай аумағында көкөніс өсіруге барлық қажетті жағдай жасалған: суару, желдету, көлеңкелеу, ылғалдандыру, салқындату, жылыту және басқа да жүйелер жұмыс істейді. Бір жылда мұнда 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өндіріледі.
Біздің жылыжайымыз – голландиялық төртінші буын технологиясымен салынған және барлық заманауи элементтерді қамтитын жоғары технологиялық жоба. Қазір 190 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың барлығы – облысымыздың тұрғындары. Өнімдер жергілікті нарыққа шығарылады. Сонымен қатар Қазақстанның көршілес облыстары мен Ресейдің жақын аймақтарында сұранысқа ие, — деді кәсіпорын басшысы Мұрат Ибрагимов.
Премьер-министр ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы 2 есе арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, мұнда Үкімет басшысына инвестиция көлемі шамамен $2,4 млрд болатын, қуаттылығы 6 млн тонна калий тыңайтқыштарын өндіретін Қазақстандағы тұңғыш тау-кен байыту кешенін салу жобасы таныстырылды. Бүгінде елімізде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тонна болып отыр. Зауыт 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. «Qazaq Kalium Ltd.» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, кәсіпорын ашылғаннан кейін Қазақстан әлемдік нарықтағы өндіріс үлесінің 14%-ын қамти отырып, калий тыңайтқыштарын әлемдік өндірушілердің үздік ТОП-5-не кіреді. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.