Ұлттық құраманың 30-ға жуық спортшысы жарыстың 3 түрінен күш сынасады
2-12 наурызда Түркияның Эрзурум қаласында XX қысқы Сурдлимпиада ойындары өтеді.
Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін қысқы ойындарға әлемнің 36 мемлекетінен 1000-нан астам спортшы қатысады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығы.
Бұл жарыста спорттың 7 түрінен 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрама командасы спорттың 3 түрінен күш сынасады. Сурдимпиадаға 30 спортшы барады.
Ұлттық құрама спортшыларын байрақты додаға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі Алматы қаласында 27 ақпанда сағат 14:00-де «Алматы арена» спорт кешенінде болады.
Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қысқы Сурдлимпиада ойындарына 2015 жылы қатысты. Ал, 2019 жылы Италияның Сондрио провинциясында өткен ойындарда Қазақстан өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп, жетінші орыннан көрінді.
Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсекеге 34 елден 506 спортшы қатысты. Олардың арасында 377 ер адам, 129 әйел спортшы жарысты.
Бұл додаға Қазақстан атынан 40 спортшы шайбалы хоккей, шаңғымен жүгіру, сноуборд, шахмат секілді спорт түрлерінен сынға түсті.
Жазғы Сурдимпиада ойындары 2022 жылы жазғы спорт түрлерінен Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында жалауын желбіретті. Оған әлемнің 73 елінен 4 500-ге жуық атлет қатысып, спорттың 21 түрінен бақ сынады.
Сурдлимпиадаға Қазақстан атынан 63 спортшы спорттың үстел теннисі, жүзу, каратэ-до, таэквандо, дзюдо, жеңіл атлетика, грек-рим, еркін күрес және бадминтон түрінен ел намысын қорғап, 28 медальді жеңіп алды. Қазақстан қоржынына 3 алтын, 7 күміс және 18 қола жүлде түсті.
2017 жылы Түркияның Самсун қаласында өткен XXIII жазғы Сурдлимпиадада Қазақстан 50-ге жуық спортшысы спорттың сегіз түрінен (еркін күрес, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі) өнер көрсеткен болатын. 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медальді жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болды.