Әзербайжан Республикасымен Таулы Қарабақ үшін үшінші соғыс кезінде келісім аяқасты етілген
Армения Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) уақытша шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы осы елдің премьер-министрі Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім орындалмаған. Әсіресе, Әзербайжан Республикасымен Таулы Қарабақ үшін үшінші соғыс кезінде келісім аяқасты етілген.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім 2021-2022 жылдары мүлде орындалмады. Бұл жағдай назарымыздан тыс қалмады. Біз келісімге қатысуымызды тоқтатып қойдық. Уақытша шықтық десе де болады. Енді әрі қарай не болатынын уақыт көрсетеді, – деді ол.
Интервьюрердің «Ресейдің Армениядағы әскери базасының жабылуы мүмкін бе?» деген сұрағына Пашинян: «Әзірше бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Бұл күн тәртібінде тұрған мәселе емес», – деп қысқа жауап қайырды.
Айта кетсек, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы. Ол 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында құрылған. Сол кезде ұйымға Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан мүше болды.
Кейін ұйымға Әзербайжан, Беларусь пен Грузия қосылды.
1999 жылы Әзербайжан, Өзбекстан мен Грузия ұйымнан шықты. 2006 жылы Өзбекстан Республикасы қайтып ұйымға мүше болып, 2012 жылы тағы да шығып кетті.
2022 жылы 23 қарашада ұйымның төрағасы болып еліміздің бұрынғы премьер-мирнистрі Иманғали Тасмағамбетов сайланды. Биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етеді.