Мәскеуде екіжақты кездесу өтті
Мәскеуде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидің Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновпен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде өзара құқықтық көмек көрсету, цифрлық шешімдерді пайдалану, адамдарды іздестіру, оқытуды ұйымдастыру, бірлескен жобаларды іске асырудың басым мәселелері талқыланды. Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, оларды қаржылық тергеу жүргізу кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында Асхат Жұмағали агенттіктің қызметіне және елдегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Біз агенттіктің жұмысында алдын алуға және қылмыстық-құқықтық құралдардың теңгерімін саналы түрде қамтамасыз етуге тырысамыз. Жемқорлықсыз қоғам құру мақсатында азаматтармен белсенді қарым-қатынас жасаймыз. Біз өзара іс-қимыл үшін ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Асхат Жұмағали.
Кездесу аясында Ресей Президенті әкімшілігі мен Бас прокуратурасының өкілдері қазақстандық делегацияны «Посейдон» жемқорлық және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ақпараттық-талдау жүйесімен таныстырды. Бұл жүйе декларациялау жөніндегі талаптар қолданылатын тұлғалардың кірістері мен шығыстары туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді іске асырады.
Асхат Жұмағалидің айтуынша, мұндай жүйелер жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігіне сөзсіз әсер етіп, енгізіліп жатқан кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау жүйесі шеңберінде негізсіз байытуды бақылауды іске асыру кезінде Қазақстанда қолдану тұрғысынан зерделенеді.
Жалпы, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, адами факторды алып тастау, бизнес процестердің ашықтығы, «ақшаны бояу» тетігін енгізу, деректер базасын интеграциялау жемқорлықты едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша екі елдің органдары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу соңында агенттік төрағасы Асхат Жұмағали ресейлік әріптестеріне іс-шараны ұйымдастырғандары үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.