×

Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері жүзге жуық бала із-түзсіз жоғалып кеткен

Биыл балалардың жоғалу дерегі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өскен

фото: ашық дереккөзден

Елордада жыл басынан бері 87 бала іс-түссіз жоғалып кеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бала жоғалу оқиғасына адами фактор әсер етуі мүмкін деген болжам бар дейді сарапшылар. Ал полиция қызметкерлері үйде орын алып жатқан түйткілдер де жеткіншектің өзге адамның жетегіне тез еріп кетуіне әсер ететінін айтады, деп хабарлайды Астана телеарнасы. 

16 жастағы Жамал Бекетова 10 күннен бері іздестіріліп жатыр. Аулаға доп ойнаймын деп кеткен жеткіншек үйіне оралмаған. Ұшты-күйлі жоқ. Көрдім, білдім дегендер де табылар емес.

«Жамалдың жоғалғаны туралы бізге 17 мамыр күні мәлімет келіп түсті. Біз сол сәттен бастап барлық ақпараттарды жинап, іздестіру жұмысын бастадық. Балалар баруы мүмкін деген жердің барлығын қарап шықтық. Бірақ, 10 күн өтті. Әлі табылмады. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша біздің әр өңірдегі еріктілер жеткіншекті іздеп жатыр», - деді волонтер Дамир Сәлімов. Дамирдің айтуынша, еріктілер орталығына күніне 2-3 баланың жоғалғаны туралы мәлімет келіп түседі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері де мұндай жағдайдың жиілеп тұрғанын растайды.Биыл балалардың жоғалу дерегі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өскен. Бірақ, көп жағдайда олар табылады дейді.

«Ата-аналар мысалы аулада ойнап жүрген кезде 5-6 жастағы баласын таппай қалған жағдайда 102 номеріне хабарласады. Бірақ артынша ол балалар табылып жатады. Келесі аулаға ойнап кетуі мүмкін. Ол балалар кейін бірден табылады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының Ювеналдық полиция аға инспекторы Ұлбосын Мұсабекова.

Алма дегенді алатын, барма дегенге баратын ол, әрине - бала. Ісі оның шала, ойында тек дала. Әдетте, ата-аналар өз балаларына бөтен адамға жолама, бейтаныс адаммен сөйлеспе деп ескертіп отырады. Ал, ойын соңында жүрген бүлдіршіндер бұл ескертуді қаншалықты ескеріп жүр. Біз эксперимент жасадық.

Аулада қарындастарын ойнатып жүрген Әділжан қармағымызға бірден ілікті. Ал, Амирлан есімді бүлдіршін біраз уақыт сенбей, ақырында ол да танымайтын адамның жетегінен еріп кетті.

Әлеуметтік экспериментіміздің соңы көңіл көншітпеді. Дәл осылай өзге де балалар танымайтын адаммен еріп кетпеу үшін ата-ана балаға үнемі ескерту жасап отыру керек дейді қоғам белсендісі.

«Бұл келеңсіз жағдайларды алдын-алу құқықтық органдарға, ата-аналардың жауапкершілігіне жүктелген. Барлық жерде камера қойылған. Бірақ неге екені, бәрі тек айыппұлмен шешіледі. Тек қалада емес, ауылда да камералар қойылса, мұндай келеңсіз жағдай орын алмайды деп ойлаймын», - дейді Ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төраға кеңесшісі Гүлнар Омарова.

Құқық қорғау қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, былтыр және биыл жоғалған 144 баланың барлығы отбасына аман-есен оралған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама