Биыл сары құрлық додасына 23 елдің үздіктері жиналды
Қазақстан құрамасы велотректен Үндістанның астанасы – Дели қаласында ересектер арасындағы 43-ші, жасөспірімдер арасындағы 30-шы, параспортшылар арасындағы XII рет өтіп жатқан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.
Чемпионаттың алғашқы күні із кесу сайысында Қазақстан ерлер құрамасы (Әлішер Жұмақан, Дмитрий Носков, Рамис Дінмұхаметов) командалық жарыста қола жүлдені иеленді. Олардың уақыт көрсеткіші – 4:03.129 секунд. Алтын медальді Жапония құрамасы жеңіп алса, күміс жүлде Қытай еліне бұйырды. Сондай-ақ құрамында Кирилл Курдиди, Дмитрий Резанов, Сергей Пономарев бар тағы бір отандық құрама спринттен 5-орын алды.
Сары құрлық додасына биыл 23 елдің үздіктері жиналды. Еліміздің намысын 9 спортшы қорғап жатыр. Азия чемпионаты 26 ақпанға дейін жалғасады.